ҰҚЖ-дағы операциялардың қауіпсіздігі жөніндегі жергілікті жұмыс топтары
ҰҚЖ-дағы операциялардың қауіпсіздігі жөніндегі жергілікті жұмыс топтарына қойылатын талаптар төмендегі құжаттарда келтірілген:
- Азаматтық әуе кемелерін пайдаланушылардың ұшу қауіпсіздігін басқару жөніндегі үлгілік нұсқаулықтарда;
- Әуежайларда ұшу қауіпсіздігін басқару жөніндегі үлгілік нұсқаулықтарда;
- Әуе қозғалысына қызмет көрсету кезінде ұшу қауіпсіздігін басқару жөніндегі үлгілік нұсқаулықтарда;
- Әуеайлақты (тікұшақ айлағын) сертификаттау және жарамдылық сертификатын беру қағидаларында.

ҰҚЖ-дағы операциялардың қауіпсіздігіне байланысты тәуекелдер әуежай, әуе қозғалысына қызмет көрсету органы және ұшу экипаждары қызметінде туындайтын өзара байланысты қауіпті факторлардың әсерінен қалыптасады. Бұл тәуекелдерді тиімді басқару барлық тараптардың өздерінің ұшу қауіпсіздігін басқару жүйелері шеңберінде бірлескен және жүйелі жұмысы арқылы ғана мүмкін болады.
Әрбір әуеайлақ өзінің пайдалану ерекшеліктерімен, инфрақұрылымымен және жұмыс жағдайларымен ерекшеленетін бірегей объект болып табылады, бұл өзіне тән тәуекелдердің болуын айқындайды. Мұндай тәуекелдер қолайлы қауіпсіздік деңгейін сақтау мақсатында ҰҚЖ-дағы операциялардың қауіпсіздігі жөніндегі жергілікті жұмыс тобының (LRST) қызметі шеңберінде уақтылы анықталып, талданып және қаралуы тиіс.
Қазақстан Республикасының барлық сертификатталған әуеайлақтарында ҰҚЖ-дағы операциялардың қауіпсіздігі жөніндегі жергілікті жұмыс топтары – LRST құрылған.
LRST құрамына кемінде нақты әуеайлақтағы ҰҚЖ операцияларына тікелей қатысатын келесі топтардың өкілдері кіреді:
− әуеайлақ пайдаланушылары;
− осы әуеайлаққа ұшуларды орындайтын авиакомпаниялардың әуе кемелерін пайдалану тәжірибесі бар мамандары;
− әуе қозғалысына қызмет көрсету органдары.

__________________________________________________________________
Өз өкілеттіктері шеңберінде LRST кемінде мынадай міндеттерді шешуі тиіс:
– ҰҚЖ-ны рұқсатсыз иелену жағдайларының санына, түріне және мүмкін болған жағдайда қауіптілік деңгейіне қатысты қауіпсіздік деректерін талдау;
– әуеайлақтағы жергілікті қауіпті учаскелер мен проблемалық аймақтарды айқындау мақсатында тергеп-тексеру есептерінің нәтижелерін қарау;
– сабақтас салаларда жұмыс істейтін персоналдың пайдалану қиындықтарын жақсы түсінуі және жетілдіру бағыттарын ұсынуы үшін ұжымдық жұмысты жолға қою;
– ҰҚЖ-ны рұқсатсыз иеленудің алдын алуға қатысты ұсынымдардың енгізілуін қамтамасыз ету;
– кез келген жергілікті проблемалық аймақтарды анықтау және қажетті шешімдерді ұсыну;
– ҰҚЖ-дағы операциялардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша хабардарлықты арттыру науқандарын өткізу, соның ішінде жергілікті қауіпті учаскелер карталарын немесе қажеттілігіне қарай өзге де нұсқаулық материалдарды шығару және тарату;
– ҰҚЖ мен әуеайлақтағы операцияларды тұрақты түрде талдау арқылы ҰҚЖ-ны қауіпсіз пайдалану тәуекелінің артуына ықпал етуі мүмкін кез келген жағдайларды алдын ала айқындау.
«Қазақстанның авиациялық әкімшілігі» АҚ ҰҚЖ-дағы операциялардың қауіпсіздігі жөніндегі топтардың қызмет нәтижелерін жүйелейді және жинақтайды.