Кіру

Басты бет
Құтқарушы-ұшқыш Акерке Шопатаева Қазақстанда ИКАО елшілері бағдарламасын жүзеге асыруға қатысады

09/03/2026

Халықаралық әйелдер күні қарсаңында Қазақстан Республикасы Көлік министрлігінің Азаматтық авиация комитетінің төрайымы Салтанат Томпиева ТЖМ «Қазавиақұтқару» АҚ құтқарушы-ұшқышы, төрт баланың анасы Ақерке Шопатаевамен кездесті. Ұшқыш Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Ерен еңбегі үшін» мемлекеттік наградасымен марапатталған болатын.

Кездесу барысында Салтанат Томпиева Акерке Шопатаеваны жоғары марапатымен құттықтап, оның авиация саласына және адамдардың өмірін құтқару ісіне қосқан зор үлесін атап өтті.

«Азаматтық авиация комитетінің атынан Сізді жоғары мемлекеттік наградамен шын жүректен құттықтаймын. Бұл марапат – сіздің кәсібилігіңіз бен адам өмірін құтқару жолындағы жанқияр еңбегіңіздің және адалдығыңыздың жоғары бағасы. Сіздің еңбегіңіз әйелдердің авиация саласында өз орнын тауып қана қоймай, оның дамуына және қоғам қауіпсіздігіне маңызды үлес қосып жатқанын көрсетеді», – деді Салтанат Томпиева.

Акерке Шопатаева 2008 жылдан бері ТЖМ-нің «Қазавиақұтқару» АҚ-да құтқарушы-ұшқыш болып жұмыс істейді. Осы жылдар ішінде ол көптеген іздестіру-құтқару операцияларына, төтенше жағдайларда адамдарды эвакуациялауға және табиғи апаттардың салдарын жоюға, сонымен қатар ірі орман өрттерін сөндіру шараларына қатысқан.

2025 жылы Алматыда өткен авиациядағы гендерлік теңдік пен әйелдердің мүмкіндіктерін арттыруға арналған халықаралық воркшопта ол негізгі спикерлердің бірі болды. Бұл шараны Халықаралық азаматтық авиация ұйымы (ИКАО) өңіріндегі 56 елдің ішінде алғаш рет Қазақстан өткізді.

Салтанат Томпиеваның айтуынша, Акерке Шопатаева енді ИКАО-ның Ғаламдық елшілер бағдарламасы жұмысының белсенді қатысушысы болады. Бағдарлама азаматтық авиацияның негізгі даму бағыттары туралы түсінік беріп, авиация саласының тұрақты өсуіне, білікті авиациялық мамандарды даярлау мен салаға тартуға және әйелдер мен жастардың осы саладағы үлесін арттыруға бағытталған.

Айта кетейік, осы бағдарламаның Қазақстандағы елшісі болып биыл қаңтар айында Салтанат Томпиева тағайындалған болатын.

«17 жылдық еңбек жолымда көптеген іздестіру-құтқару операцияларына, адамдарды эвакуациялауға, орман өрттерін сөндіруге атсалыстым. Абай облысында болған 60 мың гектар аумақты қамтыған ірі өртті сөндіруге де қатыстым. Біз өте қиын жағдайда жұмыс істедік. Егер менен балаларым менің жолымды қуамыз десе, мен “иә” деп жауап берер едім. Авиацияда жұмыс істеуді армандайтын барлық жандарға айтарым: армандаңыздар және ешқашан берілмеңіздер. Менің қолымнан келген болса, сіздердің де қолдарыңыздан келеді», – деді Ақерке Шопатаева.

 

Азаматтық авиация комитетінде атап өткендей, Акерке Шопатаеваның үлгісі авиация саласындағы әйелдердің рөлінің артып келе жатқанын көрсетеді. Оның бұл жетістігі Халықаралық әйелдер күні – 8 наурыз қарсаңында ерекше мәнге ие. Ұшқыштың кәсіби жолы әуе жолы мамандығын  таңдаған жаңа буынға шабыт береді деп сенеміз.