Кіру

Басты бет
Салтанат Томпиева Марокко азаматтық авиациясының Бас директоры Тарик Талибимен кездесу өткізді

21/04/2026


Марракеш қаласында (Марокко) өткен ICAO Global Implementation Support Symposium 2026 аясында ҚР Көлік министрлігі Азаматтық авиация комитетінің төрағасы Салтанат Томпиева Марокко Корольдігінің азаматтық авиация Бас директоры Тарик Талибимен кездесті. Кездесуге Қазақстан Республикасының Марокко Корольдігіндегі Төтенше және Өкілетті Елшісі Сәулекүл Сайлауқызы мен Қазақстан Республикасының Халықаралық азаматтық авиация ұйымындағы Тұрақты өкілі Тимур Тлегенов қатысты. Тараптар азаматтық авиация саласындағы екіжақты ынтымақтастықты дамыту мәселелерін, соның ішінде елдер арасындағы әуе қатынасын орнату, авиациялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, мемлекеттік реттеудің тиімділігін арттыру және авиациялық инфрақұрылымды дамыту мәселелерін талқылады. Салтанат Томпиева Тарик Талибиге ICAO GISS 2026 симпозиумын жоғары деңгейде ұйымдастырып, өткізгені үшін алғыс білдірді. Сондай-ақ ол Қазақстан мен Марокко, сонымен қатар Марокко мен үшінші елдер арасындағы рейстерді орындау кезінде әуе кеңістігінің бесінші еркіндік дәрежесін пайдалану мүмкіндігін қарастыруды сұрады. Өз кезегінде Марокко тарапы бұл ұсынысты болашақта Өзара түсіністік туралы меморандумға қол қою кезінде бекіту мүмкіндігін қарастыратынын хабарлады. Кездесу қорытындысы бойынша тараптар алдағы уақытта ынтымақтастықты жалғастыруға, соның ішінде елдер арасындағы әуе қатынасын кеңейтуге ықпал етуге дайын екендіктерін растады.