18/09/2026
Германия Федеративтік Республикасының Мюнхен қаласында экономикалық, ғылыми және ауыл шаруашылығы салаларындағы ынтымақтастық жөніндегі Қазақстан-Бавария жұмыс тобының алғашқы отырысы өтті.
Іс-шараға Қазақстан Республикасының Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Олжас Сапарбеков пен Баварияның Еуропа және халықаралық ынтымақтастық істері жөніндегі министрі Эрик Байсвенгер тең төрағалық етті. Отырысқа Қазақстан Республикасының Германия Федеративтік Республикасындағы Елшісі Нұрлан Онжанов қатысты. Қазақстан Республикасы Көлік министрлігінен Көлік вице-министрі Талғат Ластаев қатысты.
Отырыс барысында Қазақстанның көлік саласындағы инвестициялық мүмкіндіктері таныстырылды. Шетелдік серіктестермен ынтымақтастыққа ашықтық және инвестициялық ахуалды жақсарту бағытындағы жүйелі жұмыстар атап өтілді.
Азия мен Еуропаны байланыстыратын стратегиялық бағыт – Орта дәлізді дамытуға ерекше назар аударылды. Сондай-ақ теміржол, порт және әуежай инфрақұрылымын дамытуға бағытталған перспективалы жобалар таныстырылды.
Қазақстан бірлескен жобаларды іске асыруға Бавария компанияларын тартуға және көліктегі инновациялық технологиялар саласында тәжірибе алмасуға мүдделі екенін атап өтті.
Сонымен қатар қазіргі уақытта Қазақстан мен Германия арасында бес бағыт бойынша аптасына 18 тұрақты әуе рейсі орындалатыны айтылды. Оның ішінде Шымкент – Мюнхен бағыты бойынша тікелей әуе қатынасы бар.
Бұл бағытта тікелей рейстің ашылуы іскерлік, инвестициялық және туристік байланыстарды дамытуға, сондай-ақ Қазақстан мен Баварияның бизнес өкілдері арасындағы өзара байланысты кеңейтуге қосымша серпін берді.