28/04/2026
Кишинев қаласында (Молдова) Халықаралық азаматтық авиация ұйымының (ИКАО) аэронавигациялық қызмет көрсету саласындағы стандарттар мен ұсынылатын тәжірибені енгізуге жәрдемдесу тобының 9-шы халықаралық кеңесі (ANSISG - Air Navigation Services Implementation Support Group) және қашықтан басқарылатын (цифрлық) диспетчерлік «мұнараларды» (Remote Tower) және әуе қозғалысына қызмет көрсетудің өңірлік орталықтарын (ACC operations) енгізу мәселелері бойынша семинар өтті.
Кеңеске ИКАО, «Еуробақылау» аэронавигация қауіпсіздігі жөніндегі еуропалық ұйымы, ИАТА халықаралық әуе көлігі қауымдастығының өкілдері, сондай-ақ Әзербайжан, АХДР (Алжир), Армения, Грузия, Қырғыз Республикасы, Молдова, Ресей, Румыния, Тәжікстан, Түркия, Өзбекстан және Украина өкілдері қатысты. Қазақстан Республикасының атынан «Қазақстанның авиациялық әкімшілігі» АҚ өкілдері Адиль Умуртаев, Вячеслав Скитейкин және «Қазаэронавигация» РМК өкілі Кайрат Тіленшин қатысты.
Кеңес барысында ANSISG жұмыс тобының төрағасын қайта сайлау рәсімі өтті. Қазақстан Республикасы Азаматтық авиация комитетінің ұсынысы бойынша «Қазаэронавигация» РМК Әуе қозғалысын ұйымдастыру департаменті директорының орынбасары Кайрат Тленшин бірі ауыздан топ төрағасы болып сайланды.
Іс-шаралар барысында келесі мәселелер қаралды:
- ИКАО-ның Еуропалық және Солтүстік Атлантикалық бюросының аэронавигациялық қызмет көрсетуге қатысты құжаттардың ағымдағы жаңартулары мен кеңес нәтижелері туралы ақпараты;
- Еуробақылаудың авиациялық оқиғалар туралы хабарламаларды талдау негізінде жинаған егжей-тегжейлі мәліметтері мен статистикалық деректері (EvAir);
- Мемлекеттердің әуе қозғалысын ұйымдастыру, аэронавигациялық ақпаратты басқару, ұшуды метеорологиялық қамтамасыз ету, радиотехникалық қамтамасыз ету, аэродромдық операциялар, іздестіру-құтқару жұмыстарын ұйымдастыру саласындағы елеулі операциялық жетілдірулері туралы есептері;
- Ұлттық, өңірлік және өңіраралық деңгейлердегі өзара іс-қимыл және функционалдық үйлесімділік мәселелері.
«Қазақстанның авиациялық әкімшілігі» АҚ өкілдері Қазақстан Республикасының әуе кеңістігіндегі ұшу статистикасы, аэронавигациялық қызмет көрсетуге қатысты қызмет және 2025 жылға арналған Қазақстандағы ИКАО авиациялық жүйесін блок бойынша жаңартуды (ASBU) енгізу жөніндегі есепті таныстырды.
Кеңес пен семинар ASBU блоктық модернизациялау мәселелерін қамтыды. ASBU – бұл әуе қозғалысына қызмет көрсетудің автоматтандырылған жүйелерін, әуежайлар мен аэродромдық жүйелерді, метеорологиялық қамтамасыз етуді, іздестіру-құтқару қызметтерін, борттық радиоэлектрондық жабдықтарды және ұшуды стратегиялық жоспарлаудың басқа да жүйелерін біріктіретін ИКАО-ның жаһандық жоспарының бөлігі.
Семинарда қашықтан басқарылатын (цифрлық) «мұнараларды» енгізу мәселелері талқыланып, Румыния, Норвегия, Литва және Әзербайжанның практикалық тәжірибелері, сондай-ақ жүйе өндірушілерінің таныстырылымдары көрсетілді.
Қатысушылар Еуропа және Орталық Азия өңірлеріндегі аэронавигациялық қызмет көрсетудің ағымдағы жай-күйін, заманауи технологияларды интеграциялауды, қызметкерлердің біліктілігін және өңірлік деңгейдегі ынтымақтастықты нығайту мәселелерін талқылады. Бұл шаралар өңірдегі авиациялық жүйелерді дамытуға септігін тигізбек.