Кіру

Басты бет
Қазақстан ИКАО-ның EUR/NAT тобының авиациялық қауіпсіздік және рәсімдерді жеңілдету жөніндегі алғашқы отырысына қатысты

10/03/2026

Париж қаласында Халықаралық азаматтық авиация ұйымы (ИКАО) ұйымдастырған Еуропа және Солтүстік Атлантика өңірлеріне арналған авиациялық қауіпсіздік және рәсімдерді жеңілдету тобының (ENAVSECFALG/01) алғашқы отырысы өтті.

Іс-шара барысында топтың жұмыс бағыты кеңейтіліп, оған ИКАО-ның «Рәсімдерді жеңілдету» жөніндегі 9-қосымшасының талаптары енгізілді. Сонымен қатар авиациялық қауіпсіздікке төнетін қазіргі заманғы қауіп-қатерлер талқыланды. Атап айтқанда, ұшқышсыз ұшу аппараттары, тасымалданатын зениттік-зымыран кешендері, киберқауіпсіздік, жаңа технологиялар мен жасанды интеллектіні қолдану мәселелері қарастырылды. Бұдан бөлек, тәртіп бұзатын жолаушыларға қатысты шаралар мен әуе көлігінің қолжетімділігін арттыру жолдары да сөз болды.

Жиын барысында Қазақстанның ИКАО аудитінен 95,7% нәтижемен өткендігі ерекше атап өтілді. Бұл – өңірдегі ең жоғары көрсеткіштердің бірі. Аталған нәтиже еліміздегі авиациялық қауіпсіздік жүйесінің жоғары деңгейде екенін көрсетеді.

Қазақстан аталған топтың жұмысына белсенді түрде қатысып келеді. Топ төрағасының орынбасары – Қазақстанның авиациялық әкімшілігінің өкілі Дархан Еспотанов. Отырысқа сондай-ақ Қазақстанның авиациялық әкімшілігінің авиациялық қауіпсіздік жөніндегі атқарушы директоры Жәнібек Шәріпбаев және Операциялық орталықтың басшысы Мадина Досмурзинова қатысты.

Қазақстан делегациясы отырыс барысында үш жұмыс құжатын ұсынды. Олар өңірлік ынтымақтастықты дамыту, ұлттық авиациялық қауіпсіздік саласындағы сәйкессіздіктерді жүйелеу және тәртіп бұзатын жолаушылармен жұмыс істеу тәжірибесіне қатысты болды. Ұсынылған құжаттар қатысушылар тарапынан оң бағасын алды.

Отырыс қорытындылары ұлттық шараларды халықаралық стандарттарға жақындатуға және EUR/NAT өңірінде ынтымақтастықты нығайтуға ықпал етеді деп күтілуде. Қазақстанның аталған жиынға қатысуы еліміздің әуе көлігі қауіпсіздігін жоғары деңгейде қамтамасыз етуге деген ұмтылысын көрсетеді.